Ұлттық ұлан академиясында офицер-тәрбиешілердің оқу-әдістемелік жиыны басталды
Ұлттық ұлан академиясында офицер-тәрбиешілердің оқу-әдістемелік жиыны басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласында Ұлттық ұлан академиясы базасында офицер-тәрбиешілердің оқу-әдістемелік жиыны өз жұмысын бастады. Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов жетекшілік етуде.
Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген 40-қа жуық офицер қатысып жатыр. Олардың қатарында әскери бөлім командирлерінің орынбасарлары, академия қолбасшылығы және "Бүркіт" арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілері бар. Бағдарлама аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, тәрбие жұмысындағы жаңа тәсілдерді енгізу, сондай-ақ жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселелерін талқылайды.
Алғашқы күні офицерлер елімізге белгілі психологтармен және қоғам қайраткерлерімен кездесті. Олардың арасында – Қазақстан халқы ассамблеясы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назипа Шанаи; "Рух" психология және тұлғалық даму орталығының директоры, клиникалық психолог Резида Баймұханова; жаттықтырушы-медиатор, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тажин; ҚХА Республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай; Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Мукушева бар.
Кеңейтілген отырыста Қайрат Үмбетов қатысушыларға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың тәртіп пен тәрбие жұмысына қатысты тапсырмалары мен талаптарын жеткізді.
Психологиялық дәрістен кейін Қайрат Үмбетов биыл жазда академияға қабылданған бірінші курс курсанттарымен кездесіп, оларға жаңа оқу жылы қарсаңында сәттілік тілеп, әскери қызметтің мәртебесі мен жауапкершілігі жайында сөз қозғап, пайдалы кеңестер берді.
Күн соңында әскери бөлімдер командалары арасында волейболдан жарыс өтіп, 1-орынды "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы, 2-орынды – "Орталық", 3-орынды – "Оңтүстік" командасы иеленді.
Оқу-әдістемелік жиын 13 тамызға дейін жалғасып, онда халықаралық деңгейде мойындалған тәрбие және психологиялық жұмыстың озық әдістемелері талқыланады.