Ұлттық ұлан ардагерлері турнирде бас қосты
Ұлттық ұлан ардагерлері арасында үстел ойындарынан турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен сенбіде елордада ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен елордалық бригаданың ардагерлері арасында шахмат, дойбы және нарды ойындарынан турнир ұйымдастырылды. Жарысқа Бас қолбасшылықтың 16 ардагері және 5573 әскери бөлімі ардагерлер ұйымының екі өкілі қатысты.
Спорттық сайыстың нәтижесінде шахматтан бірінші орынды отставкадағы полковник Анатолий Перепелица, дойбыдан 5573 әскери бөлімінің ардагерлер ұйымы атынан қатысқан Гүлнар Жақыпбекова, ал нарды ойынынан отставкадағы полковник Бауыржан Шаймергенов жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларды Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы жанындағы Ардагерлер кеңесінің атынан отставкадағы полковник Григорий Григорьянц арнайы грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Турнир барысында сөз сөйлеген Ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Григорьянц барлық қатысушыға белсенділік танытып, жауынгерлік рух көрсеткені үшін алғыс білдіріп, спорттық шараны өткізуге қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Сондай-ақ ол турнирдің төрешісі болған шахматтан еңбек сіңірген жаттықтырушы, “Үркер” аула клубының өкілі Мұратбек Иженовтың еңбегін ерекше атап өтіп, клуб ұжымын да грамоталармен марапаттады.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы жанындағы Ардагерлер кеңесінің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, биылғы жылы өткізілетін барлық шара 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналуда.