Ұлттық ұлан әскери қызметшілері балалар үйінің тәрбиеленушілерін жаңа жылмен құттықтады
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері балалар үйінің тәрбиеленушілерін жаңа жылмен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери қызметшілері балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелерге арнайы барып, тәрбиеленушілерге мерекелік көңіл күй мен жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті.

Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысыn Аңсаған Балтабековтің атынан құттықтау сөзді Қайрат Үмбетов жеткізді. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары балаларға зор денсаулық, оқу-білімде табыс пен жарқын болашақ тіледі.
Іс-шара аясында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар Ұлттық ұланның Ән және би ансамблі солистерінің қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Өнерпаздардың орындауында көпшілікке кеңінен танымал жаңа жылдық әндер, оның ішінде ерекше мерекелік көңіл күй сыйлаған Jingle Bells композициясы шырқалып, көрермендерге шаттық пен қуаныш сыйлады.

Бұдан бөлек, мерекелік концерт Астана қаласы әкімдігінің "Нұрлы жүрек" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да өтті. Әскери қызметшілер мекеме қамқорлығындағы жандарға музыкалық тартуларын ұсынып, жылы лебіздерін арнады. Іс-шара шынайы мейірім мен қамқорлыққа толы атмосферада өтті.
Айта кету керек, мереке қарсаңында балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелерге бару - Ұлттық ұланның игі дәстүріне айналған. Мұндай қайырымдылық шаралары өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға, сондай-ақ мейірімділік, өзара көмек пен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
