Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне марапаттар табысталды
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерін марапаттау бойынша салтанатты іс-шаралар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде және Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында ұйымдастырылды
Мемлекеттік маңызы бар жоғары наградаларды әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Саденов табыс етті. Құттықтау сөзінде ол қазіргі ұрпақ ата-бабалар жолын абыроймен жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
- Ерлік пен батырлықтың символына айналған қос мереке – Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күндер – халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің, тарих алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі. Мемлекет басшысы: «Тәуелсіз елдің қорғаны мықты болуға тиіс. Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы», – деген болатын. Бүгінде полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлері бұл міндетті абыроймен атқарып келеді, – деді ведомство басшысы.
Марапатталғандардың қатарында күнделікті қызметте де, төтенше жағдайларда да ерекше көзге түскен әскери қызметшілер бар.
Қызметтік борышын мінсіз атқарғаны, антқа адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жауынгерлік дайындық Бас басқармасының бастығы Нұрлан Мұхамедов, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Атабек Салихбаев және "Батыс" өңірлік қолбасшылығы 5546 әскери бөлімінің штаб бастығы – командирдің орынбасары Самед Кулахмедов марапатталды.
Ерекше ерлік көрсеткендердің бірі – "Орталық" өңірлік қолбасшылығы 6697 әскери бөлімінің командирі Талғат Абдиров. 2024 жылғы сәуір айында ол Қостанай облысындағы құтқару операциясына басшылық етіп, бір жарым сағат ішінде 500 шақырымнан астам марш ұйымдастырып, Тәуіш ауылын су басудан қорғау және тұрғындарды эвакуациялау іс-шараларын сәтті басқарды. Көрсеткен табандылығы мен жанқиярлығы үшін ол "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Дәл осы медальмен Ұлттық ұлан академиясының 1-оқу батальонының командирі, кәсіби шеберлік байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2024 жылы республикалық деңгейде үздік әдіскер-командир деп танылған полковник Рауан Усбанов та марапатталды.
"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының 7552 әскери бөлімінде құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің бастығы, аға сержант Өркен Мәжит азаматтық жауапкершілік пен шынайы батырлық танытты. 2024 жылғы 27 мамырда Алматы қаласында ол бейбіт тұрғынға жасалған қатыгез шабуылды дер кезінде тоқтатып, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шұғыл қызметтерді шақырды. Оның батыл әрекетінің арқасында қылмыскерлер дереу ұсталып, сот үкімімен жазаланды. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ол "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Сондай-ақ "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің 2-бақылаушылар взводының маманы, сержант Жаннат Халилова да жоғары қырағылық танытып, ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған заттардың жеткізілу әрекетінің алдын алды. Ол "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның 50 әскери қызметшісі мен ішкі істер органдарының қызметкері мемлекеттік наградаларға ие болды. Шамамен 1200 әскери қызметші қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны, көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін министр бұйрығымен марапатталды. Сондай-ақ Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы бірқатар әскери қызметшіге кезекті әскери шендер мен грамоталар табыстады.
Салтанатты рәсімдер – еліміздің қауіпсіздігі, құқықтық тәртіп пен азаматтардың тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің еңбегіне берілген жоғары баға болды