Ұлттық ұлан авиациялық бөлімінің әскери қызметшілері парашютпен секіру дағдыларын пысықтады
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан авиациялық бөлімінің әскери қызметшілері парашютпен секіру дағдыларын пысықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың 31 мамырында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 3656 әскери бөлімінің әскери қызметшілері әуе-десанттық дайындық курстары аясында парашютпен секірді. Аталмыш шара ҚР ішкі істер министрі және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығы негізінде жүзеге асты. Ұландықтар өз шеберлігін Астана қаласының жанындағы “Северный” аэрадромында шыңдады.
Жалпы әуеден жерге қарай 32 ұландық секірсе, оның 27 – ұшқыштар, 1 – нұсқаушы, 5 – парашютті-десанттық құтқарушы топ мүшелері болды. Әскери қызметшілер МИ-171Е тікұшағының көмегімен 4 сағаттан астам уақыт аспанға көтерілді. Екі ауысым бойы ұландықтарды 6 жоғарылау жүзеге асты. Өз дайындығын шыңдағандардың қатарында нәзікжандылар да болды. Солардың бірі – 3656 әскери бөлімі – әуе эскадрилиясының борт серіктер қызметінің офицері Жанар Кубенова.
– Бұл менің үшінші рет парашютпен секіруім болды. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ауа райының қолайлы болуы бізге бүгінгі дайындықты орындауға мүмкіндік берді. Болашақта да бұл бағдарлама аясында өз кәсіби шеберліктерімізді арттыра береміз, – дейді ол.
Болашақта да ұландық ұшқыштардың осындай жауынгерлік даярлығы өз жалғасын табатын болады.
Еске салып кету керек, мамыр айының басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұланның авиациялық базасын ашқан болатын. Жаңа әуе базасының ашылуын тек Ұлттық ұлан үшін емес, бүкіл Қарулы Күштердегі айтулы оқиғаға балады.