Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан курсанттарына ауыл халқы алғыс білдірді

Ұлттық ұлан курсанттарына ауыл халқы алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Тепличное ауылы көктемгі су тасқыны кезінде ауыр жағдайды бастан өткерді. Табиғи апат салдарын жоюға көмектесу үшін ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясының курсанттары ауылға арнайы жіберілді. Жергілікті тұрғындар олардың жанқиярлық еңбегіне зор алғыс білдіріп отыр.

Су тасқынына қарсы күреске барлығы 800 курсант төрт ауысыммен жұмылдырылды. Олар төтенше жағдайлар департаменті, полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 250 мыңнан астам құм салынған қап дайындады. Бұл үйлер мен инфрақұрылымды су астынан аман алып қалуға зор үлес қосты.

– Бұл біздің курсанттар үшін үлкен өмірлік әрі кәсіби сынақ болды. Олар қиын-қыстау сәтте темірдей тәртіп пен төзімділік танытып, ел үшін қызмет етуге әзір екендіктерін дәлелдеді, – деді Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Тоқышев.

Ауыл халқы да бұл көмекті назардан тыс қалдырмады. Су тасқынының беті қайтқаннан кейін, тұрғындар алғыс ретінде академия курсанттарына сегіз музыкалық колонка сыйлады.

– Бұл жігіттер күні-түні, жауын мен желге қарамай, аянбай еңбек етті. Біз осы сынақтан аман өткенімізге, ең алдымен, олардың қажырлы еңбегі себеп болды, – дейді ауыл тұрғыны Руслан Мырзабай.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру