Ұлттық ұлан офицері көкшетаулық тұрғынды құтқарып қалды
Ұлттық ұлан офицері көкшетаулық тұрғынды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құтқару оқиғасы 6 тамыз күні т,нде болған. ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімі батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Артем Горохов сағат 23.00 шамасында ұйықтауға жатқан. Кенет ауладан айқайлаған дауысты естиді. Ашық тұрған терезеден сыртта 2-3 адамның тұрғанын көреді. Дереу сыртқа шықса, көрші кіреберістегі 6-қабаттың шатырындағы карнизінен ер адам секіргелі тұр екен.
– Өзім негізі үшінші кіреберісте тұрамын. Ілініп тұрған адамды көріп, дереу төртінші кіреберіске кіріп, ең жоғарғы қабатына көтерілдім. Секіргелі тұрған азамат бұл ойын жоспарлағанға ұқсайды. Себебі жоғарыға шығатын есікшені бекітіп тастапты. Иықпен, баспен ұрып, күшпен жұлмалап ашып алдым. Оған дейін сырттағы адамдарға полиция қызметкерлерін шақыра беріңдер деп айтып кеткем. Шатырға шығып, жиегіне қарай жақындай бастадым. Орта жастағы ер адам карнизді қолымен ұстап, ілініп тұрды. Ақырын секіруден бас тартуын өтініп, әңгімеге тарттым. Сөйлесе жүріп, еңбектеп оған жақындай түстім, – деді Артем Горохов.
Ұландық офицер осылайша 40 сантиметрдей қашықтық қалғанда, қолынан шап беріп ұстап үлгерді. Сол ұстағаннан айырылмай, жоғары тартып, шатырдың шетінен алыстату үшін 4-5 метр жерге сүйреген. Осы уақытта оқиға орнына полиция қызметкерлері де келген. Жағдайды анықтау үшін өмірімен қоштаспақ болған ер адам аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Осылайша, құқықтық тәртіп әскерінің қызметкері шұғыл әрі шешуші әрекеттерінің арқасында адам өмірін аман алып қалды.