Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан оркестрі Қазақстан полициясы күніне мерекелік концерт өткізді

Ұлттық ұлан оркестрі
Қазақстан полициясы күніне мерекелік концерт өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция күні – қазақстандық полицейлердің адалдығы мен кәсібилігін, олардың елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін сипаттайтын айтулы мереке. Әскери оркестрдің арнайы концертін күн сайын ішкі тыныштық күзетінде тұрғандарға құрмет пен ризашылық білдірудің тамаша мүмкіндігі деуге болады.

23 маусым күні Астана қаласының Орталық саябағында Есіл өзенінің жағасында орналасқан Кенесары хан ескерткіші маңында ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері мен Үлгілі-көрсетімді оркестрінің салтанатты қойылымы өтті. Қазақстан полицейлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған бұл шара – Астана өміріндегі жарқын мәдени оқиға болды.

Елорда тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында жанды дауыста музыка тыңдап, ерекше көріністі тамашалады. Концерт бағдарламасында классикалық және заманауи туындылар, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігі мен қайсарлығына арналған патриоттық композициялар тарту етілді.

Осылайша, Олжас Сұрағановтың дирижерлығымен үлгілі-көрсетімді оркестр музыканттарының орындауында “Саптық марш”, “Танымал әндерден попурри”, “Жорға”, “Батырлар ұраны”, “Жаса, Қазақстан!” туындылары орындалды.

Құқықтық тәртіп әскерлерінің Ән-би ансамблінің солистері Нұрсұлтан Қарабалиевтің “Шашы ұзын қыз”, Динара Жаңабергенованың “Жүрек сыры” және “Қара, қара” әндерін шырқады. Әсіресе, көрермендер Денис Яковлевтің мемлекеттік тілде айтқан “Бозжорға” әнін ыстық ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ ансамбльдің бишілер тобы “Бозайғыр”, ал солистер тобы “Ұлттық ұлан” әндерін ұсынды.

– Қазақстандық полицейлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Ұлттық ұланды да білеміз, олар біздің тыныштығымызды, болашағымызды қорғайды. Полиция қызметкерлерімен бірге елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Батыл да сымбатты жігіттер. Концерт өте тамаша өтті, маған қатты ұнады, әскерилер жан-жақты да, дарынды екен, – деді Астана қаласының 73 жастағы тұрғыны.

Жауап қалдыру