Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты

Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сапы жас сарбаздармен толықты. Атыраудағы 5546 әскери бөлімінде жас жауынгерлер әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде кірісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бірнеше апта бойы әскери тәртіпке үйреніп, саптық машықтарын шыңдаған сарбаздар бұл күнге ерекше дайындықпен барды. Салтанатты шара барысында жас сарбаздар елге адал қызмет етуге серт берді. Әнұран шырқалған сәтте сарбаздар бойынан сенімділік пен рухтың ал ата-аналар мен жақындардың жүзінен мақтаныштың лебі сезілді.

5546 әскери бөлім командирі Самет Құлахмедов жас жауынгерлерге сәттілік тілеп, әскери өмірге аяқ басқан маңызды сәтпен құттықтады.

— Бүгін сіздер ел қорғаушысының жолына түстіңіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін қызмет. Әрбір қадамдарыңызда Отанға деген адалдық пен батылдық көрініс тапсын, —  деді ол.

Салтанатты шараға қатысқан ардагерлер мен ата-аналар сарбаздарға жүрекжарды лебіздерін арнап, ел үшін еткен еңбектеріне сәттілік тіледі. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Айша Медетова жас ұландарға ерекше тілегін жеткізді.

— Әскери ант – жай ғана сөз емес, бұл – өмірлік серт. Сіздер еліміздің тыныштығын күзететін ер азаматтарсыздар. Біз бейбіт өмірдің қадірін білеміз, енді сіздер сол бейбіт күннің кепілі боласыздар”, – деді ол.

Жас сарбаздар енді бір жыл бойы Атырау қаласының қоғамдық тәртібін сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқаратын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру