Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан сапындағы өнерлі жігіттер

Жамбыл облысындағы "Балауса" шығармашылық ұжымының акробаттары бүгінде Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласындағы 6698 әскери бөлімнің сарбаздары Арман Қайырбаев пен Азизбек Қалмағанбетов – өнерде жұптасқан әріптестер, өмірде достар, ал әскерде – қарулас жолдастар. Екеуін табыстырған орта – сахна, енді олардың байланысын Отан алдындағы міндет одан әрі нығайтып отыр.

Арман Ғабитұлы бала кезінен гимнастикамен айналысып, жеті жасында өнер жолына қадам басқан. Акробатиканың қыр-сырын меңгеріп, небәрі 13 жасында кәсіби шығармашылық ұжымның мүшесі атанған.

Азизбек Сағидуллаұлы болса, "Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі" мамандығы бойынша білім алып жүріп, бос уақытында өнер ордасында жұмыс істеген. Сол жерде Арманмен танысып, екеуі бірге өнер көрсете бастаған.

— Мен бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келемін. Азизбекпен бес жылдан бері жақын араласып, сахнада жұп болып өнер көрсетеміз. Енді, міне, әскерде де бір саптамыз. Өнеріміздің арқасында әскери қызмет бізге қиын емес. Акробатикадағы тәжірибеміз дайындықта да көп көмектеседі, — дейді қатардағы Арман Қайырбаев.

Шығармашылық ортада қалыптасқан тәртіп пен жауапкершілік екі жігіттің әскери өмірге тез бейімделуіне сеп болған. Әскерге шақырту алған сәтте олар көп ойланбастан азаматтық борышты бірге өтеуді ұйғарған. Азизбек оқудан академиялық демалыс алып, досымен бірге сап түзеді.

Өнер жолында шыңдалған ептілік пен төзімділік, сахнадағы сенім мен серіктестік — олар үшін елге қызмет ету жолында бағалы қасиеттерге айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру