Ұлттық ұлан сарбаздары адасқан бес баланы тауып, ата-анасына табыстады
Елордада патрульдік қызмет атқарған ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери жасақтары қырағылық танытып, адасып қалған бес баланы тауып, ата-анасына аман-есен жеткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа ауданындағы патруль барысында қатардағы Дамир Сәрсенов пен патрульшілер қатардағы Нұрлан Медемин және қатардағы Ерасыл Пернебекұлы бастаған әскери жасақ үш жасар баланың жалғыз жүргенін байқап, дереу әрекет етті. Жауынгерлер бүлдіршіннің ата-анасын іздеп тауып, әкесіне тапсырды.
Келесі жағдай Есіл ауданында болды. Қызметте жүрген қатардағы Қайрат Мұратбек пен Арман Амангелді баласын жоғалтқан әкенің хабарын ести сала іздестіруді бастады. Полиция қызметкерлерімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде бала тез табылып, әкесіне қайтарылды. Алғыс айтқан ата-ана сарбаздардың қызметіне сәттілік тіледі.
Дәл сол күні Сарыарқа ауданында тағы үш бала адасып қалған. Патрульдік топ бастығы кіші сержант Аллаберген Авкей жалғыз жүрген 11 жасар баланы байқап, анасын тауып берді. Кейін кезекті патрульдік бағытында да жоғалған қыз табылды. Оны қатардағы Әлібек Әуесхан мен Игорь Нелюбов полициямен бірге анасына қайтарды. Түнге қарай кіші сержант Аллаберген Авкей тағы бір 8 жасар қызды ата-анасына аман жеткізді.
Осылайша ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздарының қырағылығының арқасында бес бала аман-есен ата-анасына табысталды. Бұл жайттар ұландықтардың басты назарында тек қоғамдық тәртіп емес, балалардың қауіпсіздігі де тұратынын көрсетті.