Ұлттық ұлан сарбаздары Астана аруларына селт еткізер сыйлады
Наурызнамаға сәйкес 17 наурыз — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Мәдени мұра, өнер мен ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын маңызды мерекеде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қыз-келіншектерге “Селт еткізер” сыйын тарту етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тыныштығын күзететін әскери жасақ жауынгерлері бұл күні нәзік жандыларға әдемі оюлармен көмкерілген әшекей бұйымдар таратты. Күтпеген жерден ұлттық нақыштағы сақина, білезіктерге ие болған аяулы аналар мен қылықты арулар, тіпті кішкентай бүлдіршін қыздар да қуанышқа бөленді.
— Халқымыздың бай мұрасын сақтау — біздің міндетіміз. Наурыз қарсаңында жылдың жаңаруымен тілекелей байланысы бар осы дәстүрдің тарихын түсіндіріп, қайта жаңғыртуды жөн көрдік. Наурызнаманы өңірлердегі әскери бөлімдер де кеңінен атап өтуде, — дейді әскер қатарындағы елжанды азаматтар.
Заман жаңарып, қоғам түрленсе де, ұлт болашағында үлкен рөл атқарар ұлттық мәдениет ешқашан өлмеуі тиіс.
Ұландықтар ұлттық салт-дәстүрлеріміздің келешек ұрпаққа рухани азық боларына сенімді.