Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан қызметкері өрт кезінде адамдарды құтқарып, жарылыстың алдын алды

Ұлттық ұлан қызметкері өрт кезінде адамдарды құтқарып, жарылыстың алдын алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы Ескелді ауданының Өтенай кентінде болған оқиға бейбіт күннің батырларын тағы бір мәрте танытты. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің кіші сержанты Серікжан Орал жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында мүмкін болған қайғылы жағдайдың алдын алды.

Әскери қызметші кезекті қызметтен кейін жер үйлердің жанынан өтіп бара жатқанда, аулада орналасқан нысандардың бірінен өрт шыққанын байқайды. Сол сәтте үрейге бой алдырған ер адам үйдің ішінде жұбайы қалуы мүмкін екенін айтады. Бір сәтке де ойланбастан, Серікжан қою түтінге оранған үйге кіріп, ішкі бөлмелерді тексеріп шығады. Алайда ешкім табылмайды. Сержант азаматқа әйеліне дереу хабарласуын ұсынады. Қуанышқа орай, әйел адам ол кезде үйде болмаған.

Бірақ қауіп мұнымен аяқталған жоқ. Үй иесі ішінде газ баллоны бар екенін айтқан сәтте, жағдайдың шын мәнінде күрделі екенін түсінген Серікжан Орал жанын шүберекке түйіп, екінші рет жанып жатқан ғимаратқа енеді. Өрт жалмаған үйден газ баллонын дер кезінде алып шығып, жарылыстың әрі оның салдарынан болуы мүмкін үлкен қасіреттің алдын алады.

— Менің орнымда әрбір азамат осылай әрекет етер еді деп ойлаймын, – дейді ол қарапайымдылықпен.

Серікжан – төрт баланың әкесі. Ол ұлдарының өз жолын жалғап, ел қорғау ісін таңдағанын қалайды.

— Балаларымның мені мақтан тұтқанын қалаймын. Өйткені бұл мамандық емес – бұл елге деген сүйіспеншілік, бұл ерлік жолы, – дейді бейбіт күннің батыры.

Кіші сержанттың әрекеті – әскери қызметтің шынайы мәнін көрсететін, батылдық пен азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі. Бұл оқиға – ерлік тек майданда емес, күнделікті өмірде де көрініс табатынын дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру