Ұлттық ұлан су басқан аймақтағы сотталғандарды басқа мекемелерге жеткізді
Ұлттық ұлан қарауылдары су басу қауіпіне байланысты БҚО мен СҚО-да 1700-ден астам сотталғанды еліміздің басқа мекемелеріне жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төтенше жағдайлар аясында Ұлттық ұлан бөлімшелері су басу қауіпі бар аудандарға жататын елді мекендердің тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі шараларды орындауда. Сонымен қатар мұны өз бетінше жасай алмайтын адамдарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Дәлірек айтсақ, Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайының нашарлауына және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің су басу қауіпіне байланысты сотталғандарды Қазақстан бойынша басқа түзеу мекемелеріне жеткізу туралы шешім қабылданды.
Осыған байланысты 7552 (Алматы қ.), 6505 (Қарағанды қ.) және 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімдерінің Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қысқа мерзімде Орал қаласынан 700-ге жуық сотталғандарды теміржол қарауылымен шығарды. Оларды тасымалдау үшін арнайы автомобильдер мен теміржол вагондары тартылды. Хаттама бойынша барлық қажетті рәсімді жүзеге асыру үшін құқықтық тәртіп әскерлерінің 400-ден астам әскери қызметшісі жұмылдырылды.
Өткен аптаның соңында Қазақстанның солтүстігінде сотталғандарды осындай тасымалдау жүргізілгенін атап өткен жөн. Мәселен, Петропавл қаласының №48 мекемесін су басу қауіпіне байланысты осы облыс орталығындағы әйелдер колониясына (№50 мекеме) 750-ден астам сотталған ер адамды орналастыру туралы шешім қабылданды. Бірақ, әрине, алдымен 300-ден астам әйел ол мекемеден шығарылды.
Қазіргі уақытта сотталған әйелдер Қарағанды облысындағы Көксүн кентіндегі ҚАЖД мекемелеріне жеткізілді. Петропавл қаласының тергеу изоляторындағы қамауда отырған адамдарға қатысты осындай шаралар қабылданды және олар Көкшетау қаласына шұғыл эвакуацияланды.