Ұлттық ұлан жауынгері зардап шеккендерге көмек көрсетті
Ұлттық ұлан жауынгері зардап шеккендерге көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана – Степногорск тасжолында болған жол-көлік оқиғасы кезінде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшісі зардап шеккендерге жедел көмек көрсетті. Hyundai Creta және Chevrolet Niva көліктерінің соқтығысуы салдарынан бірнеше адам жарақат алды.
Дәл осы сәтте Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 3517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бауыржан Ахметов Ақкөл ауылынан Степногорск қаласына жол тартып бара жатқан болатын. Жол бойындағы төтенше жағдайды байқаған ол бірден көмекке ұмтылды.
Қатардағы жауынгер зардап шеккен жүргізушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, олардың жағдайын тұрақтандыруға бар күшін салды.
— Мен тек азаматтық борышымды орындадым. Әскери қызметшілер әрдайым көмекке дайын болуы керек, — деп атап өтті аға санитарлық нұсқаушы Бауыржан Ахметов.
Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері әскери қызметшінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалап, оның іс-әрекетінің дұрыстығын атап өтті. Жауапкершілік пен батылдық танытқан Бауыржан Ахметовтің жедел көмегі зардап шеккендердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізді.