Ұлттық ұланда асыл тұқымды қызметтік иттер көбейіп келеді
Ұлттық ұланда асыл тұқымды қызметтік иттер көбейіп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқықтық тәртіп әскерінде асыл тұқымды қызметтік иттердің саны артуда. Биылдың өзінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміндегі кинология орталығында асыл тұқымды 42 күшік дүниеге келді. Олардың ішінде бельгиялық, голландық және неміс овчаркалары бар. Бұл күшіктер ел тыныштығын күзетету мақсатында жауынгерлік қызметке үйретілетін болады.
Жыл басынан бері асыл тұқымды 12 күшік өзге әскери бөлімдерді толықтыруға жөнелтілді. Қазіргі уақытта кинология орталығында 30-ға жуық күшік өмір сүруде.
– Алғашқы 45 күнде күшіктер енесінің сүтімен қоректенеді, кейін құрғақ азыққа көшіріледі. Одан соң оларды қоршаған ортаға бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Үш ай толғанда түрлі кедергілер алаңына шығарылады. Бұл кезде олардың есту дағдысын дамыту маңызды, сондықтан әрқайсына есім беріледі. Кейін “отыр”, “тұр”, “жат” секілді пәрмендер үйретіледі. Бұдан кейін тапсырмалар күрделеніп, иіс арқылы зат іздеу кезеңіне өтеді, – деді кинология орталығының офицері Жантөре Мендиоразов.
Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында мыңға жуық қызметтік ит бар. Тек биылғы 10 айда олардың көмегімен 120-дан астам құқық бұзушылық анықталған. Ал кинология орталығында өсіп жатқан қызметтік иттердің жаңа буыны сол тәжірибені жалғастырмақ.
Айта кетейік, күшіктерді күтіп-баптау ҚР ІІМ Ұлттық ұланында тұқымды асылдандыру жұмысын ұйымдастыру жөніндегі басшылық бұйрық негізінде жүзеге асырылады.
