Ұлттық ұланда фотобайқау жеңімпаздары анықталды
Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығына сәйкес әскери қызметшілердің балалары арасында құқықтық тәртіп әскерінің имиджін арттыру мақсатында «Мен — Отан қорғаушымын” фотобайқауы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқау балалардың бойында патриоттық сезімді ұялату, Отанға құрмет көрсету және әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Фотобайқауға барлық өңірлік қолбасшылықтардан, Ұлттық ұлан академиясынан және тікелей бағыныстағы әскери бөлімдерден 90-нан астам өтінім келіп түсті.
Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Ұлттықұланының Instagram-дағы ресми аккаунтында жиналған дауыс саны арқылы анықталды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша І орынды 5451 әскери бөлімі байланыс қоймасының аға маманы қатардағы Балжан Тұрсынованың 1433 дауыс жинаған ұлы Рамазан Тұрсын иеленді. ІІ орын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы 1-оқу батальонының 2-оқу ротасы 2-оқу взводының командирі Жанарбек Қайыржановтың ұлы 1230 дауыс жинаған Жанали Бүркітке бұйырды. Көшбасшылар үштігіне “Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тыл басқармасы киім-кешек қызметінің бастығы Нұржан Алданазаровтың балалары жайғасты. Мансұр мен Әлинұр Алданазаровтар 982 дауыс жинаған.
Ұлттық ұланның қоғамдағы имиджін арттыруға белсенді қатысқан және жүлделі орындарға ие болған әскери қызметшілердің балалары ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың атынан дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.