Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланда қысқы оқу кезеңі басталды

Ұлттық ұланда қысқы оқу кезеңі басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен әскери бөлімдерінде жаңа қысқы оқу кезеңі ресми түрде бастау алды. Бұл маңызды сәтте ұландықтар жан-жақты дайындық деңгейін сандық және сапалық тұрғыда нығайтуға бағытталған міндеттерді орындауға кірісті.

Ашылу рәсімі аясында құқықтық тәртіп әскерлерінің Бас қолбасшылығы, өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерде оқу-профилактикалық іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Шара барысында ұландықтар ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан қатардағы жауынгерлер Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кадр және әскери білім басқармасының бастығы  Нұрбол Міртаев алғашқы мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағын өткізді. Сабақтың тақырыбы «Қазақстан Республикасының Президенті – елдің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолдары» болды. Бұл сабақтар теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси және әскери-техникалық дамуының негізгі бағыттарын қамтыды.

Оқу кезеңінің алғашқы күнінде әскери қызметшілер мемлекеттік-құқықтық және жауынгерлік даярлық тақырыптарын терең зерделеді. Қару-жарақ пен әскери техниканы дұрыс пайдалану, алғашқы медициналық көмек көрсету, атыс және дене шынықтыру дайындығы бойынша кешенді сабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, барлық іс-шараларда қауіпсіздік талаптары қатаң сақталды.

Жауынгерлік дайындық – Ұлттық ұлан қызметінің негізі. Ұландықтар еліміздің ішкі қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мәселен, өткен жылы күн сайын 5,5 мыңнан астам әскери қызметші патрульдік-бекеттік қызметке жұмылдырылды. Олар 14 мыңға жуық құқық бұзушыны ұстап, оның 600-ден астамын қылмыс белгілері бойынша құқық қорғау органдарына жеткізді.

Дегенмен, бұл жетістіктер жоғары кәсіби дайындықсыз мүмкін емес. Әрбір әскери қызметші үшін оқу кезеңі – кәсіби білім мен дағдыларды жетілдірудің маңызды кезеңі. Жыл бойы ұландықтар саптық, тактикалық, атыс және дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді орындап, жалпы әскери жарғылар мен мемлекеттік-құқықтық даярлық бойынша білімдерін тереңдететін болады.

Ұлттық ұланның жауынгерлік дайындық деңгейін жетілдіру – еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі. Бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудың және азаматтардың бейбіт өмір сүруінің кепілі. Жоғарғы Бас Қолбасшының қолдауымен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жауынгерлік қабілеттілік пен тәртіпті нығайтып, өздерінің кәсіби шеберлігін одан әрі шыңдап, қойылған міндеттерді абыроймен атқаруды жалғастыра бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру