Ұлттық ұланда жеңіл атлетика үздіктері анықталды
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында жеңіл атлетикадан жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 команда қатысқан дода құрамында құқықтық тәртіп әскері Бас қолбасшылығының әртүрлі бөлімшелерінен 60-қа жуық әскери қызметші бақ сынады.
Марапаттау рәсімінде Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан Бас қолбасшының орынбасары Бауыржан Әбжанов жүлдегерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапаттады.
Тартысты күресте арнайы операциялар орталығының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Жауынгерлік дайындық бас басқармасының командасы, ал үшінші орынды жедел бас басқармасының командасы иеленді.
Спорттық іс-шара әскери қызметшілер арасында дене шынықтыруды жетілдіруге және спорттық рухты дамытуға бағытталған. Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы жеке құрамның моральдық рухын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және дене шынықтыру мен әскери даярлық деңгейін арттыруға бағытталған осындай жарыстарды тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.