Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның ән-би ансамблі Батырхан Шүкеновті еске алу кешінде көрермендердің жүрегін елжіретті

Астанада Қазақстанның халық әртісі, дара музыкант Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған кеш өтті. Іс-шараны ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның ән-би ансамблі ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл кеш тек музыкалық бағдарламамен шектелмеді, ол жастарға рухани-адамгершілік тәрбие берудің маңызды бөлігіне айналды. Зал іші сағыныш пен алғысқа толы ерекше естеліктерге бөленді. Әрбір орындау көрермен жүрегінен орын тапты. Кейбірі көзіне жас алды. Аяғынан тік тұрып қошемет көрсеткендер де аз болмады.

Ансамбльдің сүйемелдеуімен "Отан Ана", "Сағым дүние, "Джулия" секілді танымал әндер шырқалды. Әскери өнерпаздардың орындауында бұл туындылар жаңа сипатқа ие болып, әсерлі, нәзік әрі шабытты естілді. Орындаудың шынайылығы мен эмоционалдық қуаты Батырхан шығармашылығының қарапайым ән ғана емес, халықтың мәдени жадындағы құнды мұра екенін тағы бір мәрте еске салды.

Кешке "Big Band" музыкалық тобының солистері мен республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары — Бауыржан Тұрғұмбаев, Нұрсұлтан Қарабалиев, Бауыржан Мақаев, Бауыржан Алтынбеков, Асхат Әмірғали, Денис Яковлев, "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Ерасыл Бозаев және басқа да талантты орындаушылар қатысты.

Бұл кеш тек музыкалық бағдарлама емес, жастарға рухани-адамгершілік тәрбие берудің маңызды бөлігі болды. Ол Батырхан Шүкеновтің мәдени мұрасының, отандық эстрада мен азаматтық-патриоттық өнерге қосқан үлесінің маңызын айқын көрсетті.

Көрермендердің пікірінше, еске алу кеші жоғары деңгейде өтті. Өнерпаздар шынайы, кәсіби өнерін көрсетті және жүректерге жылы әсер қалдырды. Ұйымдастырушылар Батырханның болмысы мен шығармашылығына деген құрмет пен сүйіспеншілікті жеткізе білді. Оның музыкасы әлі де шабыт беріп, ұрпақтарды біріктіріп отыр.

Ұландықтар әскери мәдениеттің де адамның жан дүниесі мен ұлттық жадыны жеткізудегі нәзік әрі әсерлі тәсіл бола алатынын дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру