Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның әскери бөлімі мен мектеп арасында меморандумға қол қойылды

Ұлттық ұланның әскери бөлімі мен мектеп арасында меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде "Ұлттық ұлан – ел айбыны" акциясы шеңберінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылында орналасқан М. Ломоносов атындағы орта мектептің оқушыларымен бірлескен ашық есік күні өтті.

Іс-шара аясында "Жас бүркіт" спорттық, әскери-патриоттық сыныбы құрылып, мектеп пен әскери бөлім арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында ұлттық патриотизмді қалыптастыру, әскери қызметке қызығушылықты арттыру, азаматтық жауапкершілікті күшейту және кәсіби бағдар беру жұмыстарына қолдау көрсету. Меморандум жас буынды әскери-патриоттық тұрғыда бірлесіп тәрбиелеуге, оқу орны мен әскери бөлімнің жүйелі түрде ортақ жобалар жүргізуіне жол ашады.

Іс-шара барысында мектептің 7 "Ә" сыныбы негізінде "Жас бүркіт" сыныбы құрылды. Тәрбиеленушілер алғашқы дайындық кезеңін бастап, салтанатты түрде ант қабылдады. Бұл – оқушылардың Отан қорғау ісіне деген дайындықтары мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды сәт болды.

Салтанатты жиынға 5571 әскери бөлімінің ардагерлері және Алматы гарнизонының құрметті қонақтары қатысып, жас ұрпаққа патриоттық өнеге мен әскери борыштың маңызын түсіндірді.

– Жастардың Отан алдындағы жауапкершілікті ерте сезінуі – ел болашағының берік кепілі. Біз өскелең ұрпаққа батырлар жолын үлгі етіп, олардың бойында ерлік пен елжандылық қасиеттерін қалыптастыруды басты міндет деп санаймыз, - деді бөлім командирі Мақсат Баймағұлов.

Шара барысында "Жас бүркіт" қозғалысының белсенді тәрбиеленушілері Бауыржан Момышұлының "Батыр Шапағаты" төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар үздік тәрбиеленуші Ербұлан Темірлан Мемлекеттік Туды көтеру құрметіне ие болды.

Өткізілген іс-шара мектеп пен әскери бөлім арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, жас буынның патриоттық тәрбиесін жаңа деңгейге көтерді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру