Ұлттық ұланның әскери бөлімінде 400-ге жуық сарбаз ант қабылдады
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінде 400 сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын орындауға ресми түрде кірісіп, ант қабылдады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, жақын туыстары, әскери бөлімнің командирлері мен жеке құрамы қатысты.
Ант қабылдау – әрбір әскериге ерекше жауапкершілік жүктейтін маңызды кезең. Рәсім барысында жауынгерлер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, әскери антқа берік болуға, әскери тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтауға уәде берді. 6505 әскери бөлімінің командирі Манат Қасымбекұлы жас сарбаздарды құттықтап, ант қабылдаудың маңызын атап өтіп, олардың қызметіне табыс тіледі.

Салтанатты рәсімнен кейін Манат Қасымбекұлы ата-аналармен әңгімелесіп, олардың сұрақтарына жауап берді және сарбаздардың қызметі туралы түсінік берді. Бұл жолы ата-аналар әскери бөлім аумағын араламады, алайда командирмен ашық әңгіме оларды қуантты. Көптеген ата-ана өз балаларының әскери тәртіпке үйреніп, жауапкершілікке бейімделіп жатқанына ризашылықтарын білдірді.
Осылайша 400-ге жуық жас сарбаз әскери өмірге ресми түрде қадам басып, ел қауіпсіздігі жолындағы адал қызметке кірісті.

