Ұлттық ұланның әскери бөлімінде жаңа казарма ашылды
Республика күні қарсаңында Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінде заманауи жаңа казарма ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шараға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Өңір және әскер басшылары өз сөздерінде жаңа казарманың ашылуы мемлекеттің құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскери қызметшілер үшін тиісті жағдайлар жасауға бағытталған "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
Жаңа казарма бір батальонды орналастыруға арналған және қазіргі заман талаптарына толықтай сай жабдықталған. Мұнда демалу, оқу, спортпен шұғылдану және жеке құрамды психологиялық қолдау үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Каз️арманы салу және жабдықтау Ұлттық ұлан бөлімшелеріне қатысты әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуде үнемі көмек көрсететін Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
Ғимаратта ұландықтардың дене шынықтыруын жоғары деңгейде ұстап тұру үшін қажетті тренажерлармен және құрал-саймандармен жабдықталған заманауи спорт залы бар.
Қызметтік кеңістікті цифрландыруға да ерекше назар аударылды. Ғимарат ішінде интерактивті панельдері бар оқу бөлмелері, жауынгерлік даңқ бөлмесі, психологиялық қолдау көрсету аймағы, сондай-ақ күн тәртібін көрсету және пәрмендер беруге арналған LED экрандар бар. Бұл технологиялық шешімдер оқу процесінің тиімділігін арттыруға және әскери тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Айта кету керек, 5510 әскери бөлімі аймақ азаматтарының қоғамдық тәртібі мен тыныштығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Осы міндеттердің табысты орындалуына ҚР ІІМ Ұлттық ұланының материалдық-техникалық базаны нығайтуға және бөлімшелердің инфрақұрылымын дамытуға практикалық көмек көрсететін жергілікті атқарушы органдармен арадағы тығыз өзара іс-қимыл оң ықпал етуде.
Сонымен қатар дәліздер мен демалыс аймақтары заманауи стильде безендірілген, бұл ұжымның бірлігіне ықпал ететін жайлы атмосфера сыйлайды.
Айтпақшы, жаңа ғимарат қызмет жағдайларын жақсартады, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамын Отан үшін өз міндеттерін адал орындауға шабыттандырады.