Ұлттық ұланның әскери қызметшілері болашақ Отан қорғаушылармен кездесті
Жақында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланның өкілдері Астана қаласындағы № 37 мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ қоғамдық кеңесі ұйымдастырған іс-шараның мақсаты — жасөспірімдерге әскери қызметтің маңыздылығын, Ұлттық ұланның рөлін жеткізу, сондай-ақ жастарды Отан алдындағы патриотизм мен жауапкершілікке тәрбиелеу болды.
Оқушылар алдында 5573 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі батальон командирінің орынбасары Айқын Амантаев сөз сөйледі.
— Бүгінгі патриоттық тәрбие сағатында сіздерге Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы қатарындағы қызмет жайлы айтқымыз келеді. Бұл тек Отан алдындағы әскери борышты орындау ғана емес, нағыз батылдық, тәртіп пен патриотизм мектебі деуге болады. Құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы жауапты міндеттерді орындайды: стратегиялық объектілерді күзетеді, арнайы операцияларға қатысады, қоғамдық тәртіпті сақтайды. Әскери қызметшілеріміз үшін физикалық және жауынгерлік рух қана емес, моральдық қасиеттер де маңызды. Өзара құрмет, жолдастық, тәртіп — бұл жас жігітті өз елінің лайықты азаматы етеді. Сіздер — еліміздің болашағысыздар. Естеріңізде болсын: тек рухы күшті адам ғана қиындықтарды жеңе алады және басқаларға үлгі болады, - деді Айқын Амантаев.
Елордалық құраманың әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Әнуар Жакупов әскери қызметтегі жеке тәжірибесімен бөлісті. Шара барысында оқушылар үшін дене шынықтыру нормативтері бойынша интерактив ұйымдастырылды. Бағдарламаның қосымша бөлігінде 7-сынып оқушыларынан жасақталған “Жас сарбаз" әскери-патриоттық бірлестігінің шағын баяндамасы мен өнері ұсынылды.
Кездесу соңында Амантаев Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан мектеп-лицей директорына алғыс хат табыс етті. Ал ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Лаура Жакупова жастар арасындағы бірлік пен сыйластықтың маңыздылығына тоқталып, буллингке қарсы жолдау жасады.
Іс-шара қорытындысы бойынша оқушылар әскери қызмет және патриоттық борыш туралы құнды білім алды. Тараптар жастарға оң бағыт беретін осындай кездесулерді жалғастыру қажеттігіне сенім білдірді.