Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның әскери қызметшісі мемлекеттік наградамен марапатталды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі мен әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін 5513 әскери бөлімінің аға санитарлық нұсқаушысы Гүлім Абдығалиева "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл әскери бөлім Тараз қаласында орналасқан және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының құрамына кіреді. Мұндағы әскери қызметшілер патрульдік күзет қызметін және түзеу мекемелерін қорғау сияқты жауынгерлік тапсырмаларды орындайды.

Гүлім Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Ол отбасындағы тұңғыш бала, соңынан Құралай мен Ажар атты екі сіңлісі, Алмат атты інісі ерген. Ата-аналары Ардақ Абдығалиұлы мен Бақыткүл Қуатбекқызы балаларының тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Қазіргі уақытта Гүлім жолдасы Нұрболатпен бірге Ақжүрек пен Алдияр есімді екі бала тәрбиелеп отыр.

Гүлім Шу қаласындағы А.Макаренко атындағы мектепте орыс тілінде сауат ашқан. Кейін Ы. Алтынсарин атындағы мектепте мемлекеттік тілде білім алды. Бала кезінен әскери дәрігер болуды армандаған ол Шу қаласындағы медициналық колледжде жалпы профильді аурухана медбикесі мамандығы бойынша оқыған. Астанадағы Теміржол ауруханасының кардиология бөлімінде медбике болып еңбек жолын бастаған.

Ұлттық ұлан әскерінің қатарында аға сержант Гүлім Абдығалиева 21 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол 6636 және 5570 әскери бөлімдерінде де қызмет етті. 2008 жылдың қазанында Тараз қаласына ауыстырылды.

Гүлім әскери бөлімнің спорттық өміріне де белсенді қатысады. Ол әскери үшсайыс бойынша жарыстарға қатысып, "Әскер спортшысы" атағына ие болды. Сонымен қатар бос уақытында гитара мен домбырада ойнап, ән айтады.

Кейіпкеріміз қызмет барысында білікті, тәртіпті әскери қызметші ретінде өзін танытқан. Ол өзіне тапсырылған барлық міндеттерді жауапкершілікпен орындайды, жедел түрде, мұқият және сапалы жұмыс істейді.

2023 жылдан бастап оның кәсіби міндетіне медициналық есеп жүргізу және жеке құрам арасындағы аурушаңдық деректер туралы есеп беру кіреді. Ол әскери бөлімдерде жас сарбаздардың медициналық тексерулерін ұйымдастырады, емдік-профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды өткізеді. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасында денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын насихаттайды.

Марапат жайында Гүлім салтанатты шараға бір апта қалғанда командирі Ғазиз Кәдірбековтан естіген.

– Әрине, мені лайық көріп, марапаттағандары үшін өте қуаныштымын. Өйткені біздің қатарымызда көптеген жоғары бағаға лайық әскери әйелдер бар. Барлығына осы мерекеде жұбайларының, әкелерінің, ұлдарының, бауырларының, қызметтестерінің құрметіне бөленуін тілеймін. Мен үшін 8 наурыз – көктем, жылылық, ана деген сөздермен байланысты. Сол себепті барлық әскери қызметшілердің аналарын, әйелдерін, әпкелерін және қыздарын құттықтаймын, – деп тілек білдірді аға сержант Гүлім Абдығалиева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру