Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның әскери қызметшісі панкратионнан Қазақстан чемпионы атанды

Ұлттық ұланның әскери қызметшісі панкратионнан Қазақстан чемпионы атанды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылғы 16–18 қыркүйек аралығында Астана қаласында панкратионнан Amateur MMA бөлімі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл жарыста ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі, BURKIT TEAM командасының спортшысы Нұрғали Нұрғайпұлы чемпион атанды.

Нұрғали – спортта көп жылдан бері үздіксіз еңбек етіп жүрген дарынды спортшы. Ол еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері әрі Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. 2018–2022 жылдары ел чемпионаттарында бірнеше мәрте топ жарған, 2019 жылы Польшада өткен халықаралық турнирде күміс жүлде иеленіп, әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреген.

Сонымен қатар ол жекпе-жектен 2023 жылғы, панкратионнан 2024 жылғы Қазақстан чемпионы атанып, “Nomad Wrestling II” турнирінде қола жүлде жеңіп алды. Қазір ол кәсіби ММА спортшысы ретінде де танылып үлгерді. Sherdog ресми дерегіне сәйкес, оның жекпе-жек статистикасы – 3 жеңіс және 2 жеңіліс.

Ол бұл жарысқа жоғары дайындықпен келгенін айтып, жеңіске жеткен соң бапкерлеріне алғысын білдірді.

— Әрбір жекпе-жек – ерік-жігер мен төзімділіктің сынағы. Бұл жеңіс – жеке еңбегімнің ғана емес, ұстаздарым мен командамның ортақ жемісі. Қазақстан туын биікке көтеру – мен үшін ең үлкен мәртебе, – деді чемпион.

Нұрғали Нұрғайпұлы жеткен жетістіктері арқылы жас спортшыларға үлгі болып, Қазақстан спортының дамуына және Ұлттық ұланның беделін асқақтатуға өзіндік үлес қосып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру