Ұлттық ұланның әскери жасағы жоғалған балаларды іздеп тапты
Шымкентте 26 тамыз күні Ұлттық ұланның әскери жасағы жоғалған үш баланы тауып, оларды ата-аналарына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші жағдай сағат 20:15 шамасында болды. Сол кезде саябақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әскери жасақ бастығы Арман Ермекали патрульдік қатардағы жауынгерлер Сергей Образцов және Алексей Мартыновпен бірге жылап жатқан баланы байқаған. Әңгіме барысында 6 жасар баланың адасып, ата-анасын таба алмағаны белгілі болды.
– Біз онымен сөйлескеннен кейін бірден ата-анасын іздеуге бет алдық. 20 минуттан кейін біз оның үлкен ағасын тауып, баланы оған тапсырдық, – деді әскери жасақ бастығы Арман Ермекали.
Келесі оқиға сағат 21:25 шамасында болған. Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Данил Седешов пен патрульдік қатардағы жауынгер Руслан Танекеевке, Арман Қараталовқа және Рамазан Аразовқа жергілікті тұрғын ұлын табуға көмек сұрап келген. Біраз уақыттан кейін сарбаздар ата-анасының қарауынсыз жүрген жас баланы байқаған. Осылайшы, жоғалған бала анасына табысталды.
Сол кеште сағат 21:50 шамасында Гагарин көшесі бойындағы патрульдеу бағыты бойынша жүріп келе жатқан әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Жансұлтан Байділдаев пен патрульдік қатардағы жауынгерлер Аңсар Құрмаханов және Имаммади Ерғалиге Ш.есімді азамат қызын табуға көмек сұрап жүгінген.
Ол қызын шамамен 20 минут бойы өз бетінше іздеген болып шықты, бірақ таба алмаған. Біраз уақыттан кейін сарбаздар көрші аулада ата-анасының қарауынсыз жүрген қызды байқады. Оның жалғыз жүріп, адасып кеткені белгілі болды. Қыздың анасы Ұлттық ұлан жауынгерлеріне қырағы қызмет атқарғаны және азаматтарға жанашырлықпен қарағаны үшін алғыс айтты.
Қызмет өткеру кезінде қырағылық пен жоғары кәсібилік көрсеткені үшін әскери жасақтар 6506 әскери бөлім командирінің құқықтарымен көтермеленді.
Сондай-ақ ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері полиция қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқарды. М.Мәжитов көшесіндегі аулалардың бірін патрульдеу барысында ҰҰ қызметкері Дәурен Маратовтың қызметтік иті Альфа жақын жерден өтіп бара жатқан адамды қуа жөнелген. Осыдан кейін полиция қызметкерлері азаматтың қалтасындағы заттарын тексеру үшін дереу тоқтатқан. Нәтижесінде одан есірткіге ұқсас 14,5 грамм зат табылды.
Әрі қарай, құқық қорғау органдары осы азаматтың пәтерін тінту туралы шешім қабылдады. Онда да қызметтік иттің көмегімен ваннаның астынан тағы екі келі есірткі табылды.