Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы әскери бөлімдердің жағдайымен танысты
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы әскери бөлімдердің жағдайымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына сапары барысында әскери бөлімдердің жай-күйін тексеріп шықты.
Бас қолбасшы алдымен Заречный кентінде орналасқан 3660 әскери бөліміне барып, сарбаздардың казармасын жөндеу жұмыстарын тексерді. Жауынгерлердің жатын орындары мен қолданатын қару-жарақтарының сапасы да назардан тыс қалған жоқ.
Құқықтық тәртіп әскерінің түзеу мекемелеріндегі жауынгерлік қызметімен де танысты.
Аңсаған Балтабеков 5574 әскери бөліміне де барды. Мұндағы әскери техникалар мен жанар-жағармай сақтайтын орындарды да шолып өтті.
Ал 6654 әскери бөліміне барған Аңсаған Балтабековты қаракемерлік қариялар қарсы алды. Генерал ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады. Ал ауыл әкімі бастап келген ақсақалдар қызметіне жақында ғана тағайындалған Бас қолбасшыға баталарын беріп, сәттілік тіледі.
Сапар соңында Бас қолбасшы әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесу өткізді. Әскери қызметшілер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, сауалдарына барынша жауап алды.