Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы азаматтарды қабылдады
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің жетекшілігімен азаматтарды қабылдау өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу онлайн форматта ұйымдастырылып, онда әлеуметтік кепілдіктерден бастап, әскери қызметкерлердің отбасы мүшелеріне лайықты жағдай жасауға дейінгі өзекті мәселелер талқыланды.
А.Балтабеков атап өткендей, әскери киім киген азаматтарға қамқорлық көрсету –қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі басым бағыт. Себебі әрбір өтініштің артында адамның тағдыры, отбасы және сенім тұр. Бас қолбасшы көтерілген әр мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, жедел әрі нәтижелі кері байланысты қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.
Әсіресе әскери қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Өйткені отбасының қолдауы мен ертеңгі күнге деген сенім – жауынгерлік рухтың, тәртіптің және Отанға адал қызмет етудің негізі.
Айта кету керек, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қоғаммен ашық диалог орнату және өзара сенімді нығайту бағытын жүйелі түрде жалғастырып келеді.