Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның басшылық құрамы жаңа ұрыс тактикаларын меңгеріп жатыр

Ұлттық ұланның басшылық құрамы жаңа ұрыс тактикаларын және қару-жарақ түрлерімен машықтануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел жиынның үшінші күні Ақмола облысының территориясында орналасқан «Майлан» полигонында Ұлттық ұланның әскери бөлім командирлері далалық жаттығуда практика жүзінде өз шеберліктерін шыңдап, мергендіктерін таныты. Атап айтқанда, олар техникалық дайындық, ату тактикасына әзірлік, тактика және жедел машықтану бағыттарында жаттығулар орындап, кешенді сабақтарға қатысты. Далалық жағдайда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов арнайы келді.

– Қазіргі уақытта 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмысты қорытындылау мақсатында барлық өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерінен келген командирлермен жиын өткізіп жатырмыз. Жиында жауынгерлік қызметке қатысты жан-жақты жаттығулар ұйымдастырылған. Қатысушылар әр пәннен тәжірибелік және теориялық сабақтарға қатысады және түрлі нормативтерді орындайды. Ұлттық ұланның жауынгерлері қызметке жан-жақты дайын болуы керек. Сондықтан да Қарулы күштермен, Мемлекеттік күзет қызметімен және полиция департаментімен бірге төтенше жағдайлар кезінде жасалатын арнайы операцияларға дайындықтарды пысықтауға кірістік. Бүгінде бізге жаңа қару-жарақтар келіп жатыр. Қазақстанда шығарылатын Барыс 6х6, Alan 2 секілді өзге де бронды автомабильдер келді. Бұған Түркия елінен алған Cobra II техникаларын қосыңыз. Сондай-ақ өзіміздің Қарулы күштерден алған артиллериялық-зениттік зеңбіреткерді де жиынға қатысушыларға көрсетіп жатырмыз. Офицерлер мен әскери бөлім басшыларына, сондай-ақ арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшелерінің әскери қызметшілеріне аталған және өзге де әскери көліктер мен қаруларды қолдану бойынша тәжірибе жинақтауға мүмкіндік жасап бердік, – деді Еркін Ботақанов.

 

Бес күндік жедел жиынға қатысушылар алдымен жаңа үлгідегі брондалған дөңгелек көліктердің жауынгерлік және техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Содан соң қару-жарақтың әртүрлі үлгілерінен бөлімшелер (топтар) құрамында жауынгерлік ату жаттығуларын жасады. Сондай-ақ қатысушыларға ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелерінің жауынгерлік мүмкіндіктері көрсетілді. Ал ату жаттығулары барысында әскери бөлім командирлері калибрі 57 миллиметрлік автоматты зениттік зеңбірек пен 23 миллиметрлік калибрлі зениттік қондырғыдан оқ атты. Бұдан бөлек арнайы ғимарат ішінде тактикалық әрекеттерді пысықтады. Жауынгерлік көліктердің бортынан нысаналарға оқ атып, граната лақтырды. Сонымен қатар әскери қызметшілерге ұрыс аймағында қызмет атқаратын барлау және іздеу тобының түнеу барысын ұйымдастыру бойынша көрнекі сабақ өткізілді.

– Заман алға жылжыған сайын әскери қару-жарақтар да дамып келеді. Сондықтан да әскери бөлім командирлері жаңа ұрыс тактикалары мен қару түрлерін меңгеріп жатырмыз. Кейін бұл үйренгендерімізді өзімізге бағынысты жеке құрамға үйретеміз. Бұдан бөлек, бүгін өз шеберлігімізді шыңдадық. Утес аталып кеткен қарудан 30 миллиметрлік бронетранспортер зеңбірегінен және Sako, BAR секілді мергендер қаруынан оқ аттық, – деді 5512 әскери бөлімінің комнадирі Арман Пернеқұлов.

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жиын 17 шілдеге дейін жалғасады. Әскери бөлім тізгінін ұстаған офицерлер оқу-жаттығуларын «Қаптағай» полигонында жалғастыратын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру