Ұлттық ұланның "BURKIT TEAM" командасы Азия чемпионатында жүлдегер атанды
Ұлттық ұланның "BURKIT TEAM" командасы Азия чемпионатында жүлдегер атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2026 жылғы 9–11 қаңтар аралығында Қытайдың Сычуань провинциясына қарасты Лучжоу қаласында ересектер арасында аралас жекпе-жек өнері (AMMA) бойынша Азияның III чемпионаты өтті. Ауқымды спорттық додаға Азияның 21 елінен 343 спортшы қатысып, Traditional MMA және Modern MMA бағыттары бойынша бақ сынады. Турнир алдағы Азия ойындарына іріктеу кезеңі саналады.
Жарыстың үшінші күні қорытындысы бойынша ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "BURKIT TEAM" командасы жоғары дайындық деңгейі мен жауынгерлік шеберлігін айқын көрсете отырып, табысты өнер көрсетті.
77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әскери қызметші Әділбек Қайырғали (Атырау қ.) барлық кезеңнен сенімді өтіп, алтын медальға қол жеткізді.
96 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алматылық әскери қызметші Абылай Шакирбеков Азия чемпионы атанып, жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына көтерілді.
Осы салмақ дәрежесінде тағы бір алматылық әскери қызметші Али Мұсақұлов қола медаль иеленіп, ұлттық құраманың жүлде қорын толықтырды.
Ұлттық ұлан спортшыларының Азия чемпионатындағы бұл табысты нәтижесі жүйелі дайындықтың, жоғары тәртіптің және еліміздің абыройын халықаралық спорт аренасында лайықты қорғауға деген ұмтылыстың айқын көрінісі болды.
