Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасы Республика күнін ерекше флешмобпен атап өтті

Астана қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауыл ротасы Республика күніне орай патриоттық флешмоб ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ту көтерген айбынды сап, мінсіз қозғалыс пен дәл қадам – Отанға деген сүйіспеншілік пен әскери тәртіптің айқын көрінісіне айналды. Іс-шара барысында сарбаздар қарумен дефиле көрсетіп, жауынгерлік дайындық пен кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін паш етті.

5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауыл ротасы – Ұлттық ұланның мәртебесін айқындайтын ерекше бөлімше. Қазіргі таңда мұнда 80-ге жуық сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр.

Рота командирі Мирхат Ахмадиев бұл іс-шараның негізгі мақсаты – ел рухын көтеріп, тәуелсіздік мерекесін ерекше форматта атап өту екенін атап өтті:

-- Біздің сарбаздар үшін Республика күні – аса қастерлі мереке. Біз флешмоб барысында әрбір қозғалысымыз арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті жеткізгіміз келді, – деді ол.

Жеке ротаның аға нұсқаушысы Юлдашбек Қарабалаев қарумен дефиле көрсетілімінің жоғары деңгейде өтуіне жетекшілік етті. Ол сарбаздарға әрбір қимылдың дәлдігі мен үйлесімділігін үйретіп келеді.

- Қарумен дефиле – ұзақ жаттығулар мен табандылықтың нәтижесі. Әр бұрылыс пен қозғалыстың артында әскери тәртіп пен жауапкершілік жатыр, – деді ол.

Осылайша, Құрмет қарауыл ротасы Республика күніне арналған ерекше флешмоб арқылы ел бірлігі мен тәуелсіздіктің рухын айшықтап, Ұлттық ұланның айбынды бейнесін тағы бір мәрте танытты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру