Елордада Ұлттық ұланның жедел құрамы 700 сарбазбен толықты
Астанада 5573 әскери бөлімінде жас жауынгерлер Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген тепсе темір үзер жігіттер 30 тәулік арнайы дайындықтан өткен. Енді олар бас қаламыздың тыныштығы мен көше тәртібін қамтамасыз етуге атсалысады. Ұлттық Ұлан қатарында борышын өтеуге келген жас толымды құрама командирі Аян Есжанов құттықтап, қызметтерінен бағыт-бағдар берді. Іс-шара барысында алыс-жақыннан келген қауымға болашақ сарбаздардың оқу пунткінде бір ай бойы үйренген дағдылары көрсетілді. Әскери элита қатарынан көрінетін құрмет қарауыл ротасының сарбаздары карабинмен дефиле көрсетсе, енді бірі қоян – қолтық ұрыстан үйренгендерін көпшілік қауымның назарына ұсынды. Ант қабылдау рәсімі дәл осылай өз жалғасын тапты.
Бұл күні маңызды сәтте балаларына қолдау білдіру үшін мыңнан аса туған-туыс, ата-ана жиналды. Ботагөз Алмұратова өз баласының Отан алдында ант беру рәсімін көру үшін Атырау қаласынан келген. Осы күні толқып тұрғанын жасырмаған ана әрбір баланың үйіне абыроймен оралуларына тілектес екендігін айтады.
– Бүгін баламның ант қабылдау рәсіміне келіп тұрмын, өте қуаныштымын. Ұлымды және әскери бөлім ұжымын осы айтулы күнімен құттықтаймын. Ұлымның осындай елордамыз Астана қаласына, осы әскери бөлімге түскенінен өте қуаныштымын. Іс-шара аяқталған соң баламды командирдің рұқсатымен белгіленген уақытқа дейін сыртқа алып шығамын, – дейді Ботагөз Алмұратова (қатардағы Жолдас Ерсұлтанның анасы).
Ал қатардағы Берікжан Қазихановтың анасы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының 5573 әскери бөліміндегі ант қабылдау рәсіміне осымен екінші рет қатысып отырғанын айтты. 2018 жылы үлкен ұлы да осы әскери бөлімге борышын өтеуге шақыртылыпты. Ата-ана бригада ұжымына алғысын жеткізіп, ұлының бұл жерден ер азаматқа тән барлық қасиетті бойына сіңіріп келетініне сенім білдірді.
Әскердегі сарбаздарға жүктелетін жауапкершіліктің жүгі салмақты. Қойылатын талап та жоғары. Бір ай уақыт ішінде жаңадан келген болашақ сарбаздар жас жауынгер курсынан өтеді. Олар темірдей тәртіп пен жауынгерліктің қыр-сырына үйренеді. Жаңа толым сарбаздары енді өздерінің бір жыл қызметтері барысында шыңдалған ер азамат болып шығады.
– Мен қатардағы жауынгер Қазиханов Берікжан, Жетісу облысы Талдықорған қаласынан әскерге келдім. Бүгін мен үшін айтулы күн, ант қабылдадым, бәрі жоғары деңгейде өтті. Антыма берік боламын, әскери өмірдің қиын да қызық сәттеріне төзімділік білдіріп, міндетімді орындаймын деген сенімдемін, – дейді қатардағы Берікжан Қазиханов.
Ант қабылдамас бұрын еліміздің алыс-жақын аймақтарынан жиналған жауынгерлер әуел баста арнайы оқу пунктінде жаттығады, әскери өмірге бейімделіп, іштегі тәртіппен танысады. Ол жерде болашақ ұландықтар мемлекеттік-құқықтық, саптық дайындық, жалпы әскери жарғы, күн тәртібін жаттап, білімдерін жетілдіреді. Сонымен қатар жауынгерлік қызметке түсу дағдыларын, ату дайындық тәсілдерін, әскери техникалар мен атыс қаруларын меңгереді.
– Бүгінгі таңда 30 күндік дайындықтың нәтижесі ретінде жас сарбаздарымыздың ант қабылдау рәсімін көрдіңіздер. Бұл жауынгерлер Қазақстан Республикасының 22 аймағынан әскерге шақыртылған. Оқу пунктінде болашақ сарбаздарды әскери өмірдің қыр-сырын үйретеміз, алдағы уақытта қызметтеріне керегінің бәрін үйренеді. Әрбір сарбазбен жеке сұхбаттасамыз, тәртіпке, әскери өмірге дайындаймыз, – дейді оқу пунткінің бастығының орынбасары Қазбек Мұратаев.
Жамбыл, Алматы, Ақмола, Түркістан облысы, СҚО, ШҚО-дан шақырылған 700-ге жуық жас сарбаз көпшілік алдында еліне ақтық демі қалғанша абыроймен қызмет етуге серт берді. Шара шымылдығы салтанатты шеруімен жабылды. Сапқа қосылған жас сарбаздар енді өзге әскери қызметшілермен қатарласа қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.