Ұлы Отан соғысының ардагері Наурыз Өтегеновтің туғанына 100 жыл
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Наурыз Әлжанұлы Өтегеновтің туғанына 100 жыл толмақшы, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тарихымыздағы ең даңқты және ел үшін елеулі күндердің бірі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне биыл 80 жыл толады. Ұлы Жеңіске үлес қосқан ер-азаматтардың, батыр ағаларымыз бен аталарымыздың ерлігі туралы естеліктер қасиетті және ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс.
Наурыз Әлжанұлы 1925 жылы 14 наурызда Орал облысы Жаңақала ауданының Новая Казанка ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 9 сыныпты бітірген соң, өзі өтініш білдіріп, әскерге сұраныпты. Әскери комиссариаттан бірден сержанттық мектепке оқуға қабылданған.
Курсант кезінде өзінің жауапкершілігімен, қабілеттілігімен көзге түскен Наурызды Алматы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебіне оқуға жібереді.
Алматы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебін аяқтаған соң “Смерш” қарсы барлау басқармасының офицері деген атақ беріледі және алғашқы құпия тапсырмасы - германдық барлаушы, қауіпті агентті әшкерелеуге Қызылорда қаласына жіберіледі. Екі апта ішінде сәтті орындалған тапсырмадан кейін Наурыз Әлжанұлына кезектен тыс кіші лейтенант атағы беріліп, Солтүстік Кавказ “СМЕРШ” қарсы барлау басқармасына майдан шебіне жіберіледі. Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД) әскерінің 101-бригадасы құрамында Солтүстік Кавказ, Украина, Прибалтика, Польша аумақтарында әскери әрекеттер мен жау агенттерін жоюға қатысады.
1944 жылы аса маңызды тапсырманы орындауға Гурьев облысының Жылыой ауданына шақырылады. Аудан аумағында топтасқан герман агенттерінің мақсаты аудандағы мемлекеттік маңызы бар “Гурьев-Орск” мұнай құбырларын, кейбір өндіріс орындары мен теміржол нысандарын істен шығару екені белгілі болады. Наурыз Өтегенов пен басқа да қызметкерлердің ұйымдасқан іс-әрекеті арқасында агенттер тобының көзі жойылып, нысандар аман сақталып қалды.
Соғыс аяқталған соң Наурыз Әлжанұлы Қызылорда, Гурьев, Орал облыстарының мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет етеді. Батыс Қазақстан облысында 1950 жылдардағы Жаңақала, Фурманов аудандарында түрмеден босатылғандардан құралған қарулы қылмыскерлер тобы, неміс қаруымен қаруланған қашқындарды ұстау, 1950 жылы Чапаев елді мекеніндегі қару-жарақ ұрлаған қауіпті қылмыскерлер тобын ұстаудағы еңбегі ерекше еді.
Наурыз Өтегенов 1954 жылы ІІМ-ге қызметіне ауысып, кейін Батыс Қазақстан облысы ІІБ-ның іздестіру қызметі бастығы лауазымына тағайындалады. Негізгі қызметімен қоса “Динамо” облыстық дене шынықтыру – спорттық қоғамын 10 жылдан астам уақыт басқарып, сол уақыт аралығында айтарлықтай үлес қосты. Сол кездері Жайық өзенінің жағасында республика көлеміндегі заман талабына сай алғашқы байдарка, қайық есу түрлерімен жаттығу үшін спорттық кешен жасақталып, түрлі жарыстар ұйымдастыру жолға қойылды. Қызметкерлер үшін ашылған үлкен спорт зал базасы нығайтылды.
Ол КСРО Ішкі істер министрлігінің Мәскеудегі Жоғарғы мектебін тәмамдаған. 1964-1969 жылдары Ақтөбе облысында, 1973-1986 жылдары Гурьев облысының ІІБ бастығы болып қызмет етеді. 1980 жылы оған милиция генерал-майор атағы беріліп, 1986 жылы құрметті демалысқа шығады. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін “I дәрежелі Отан соғысы” орденімен, сонымен қатар “Батылдығы үшін”, “Жауынгерлік ерлігі үшін”, “Польшаны азат еткені үшін”, “Германиядағы жеңісі үшін” медальдарымен, сондай-ақ соғыстан кейінгі еңбегі үшін “Қызыл Жұлдыз”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған.
Наурыз Әлжанұлы үшін Ұлы Жеңіс күні өміріндегі ең маңызды күн болатын. Ол 80 жасына қараған шағында Ұлы Жеңістің 60 жылдығына аз ғана уақыт жетпей 2005 жылы дүниеден өтті.
Наурыз Әлжанұлы – “Жаңақала ауданының құрметті азаматы”, “ІІМ еңбегі сіңген қызметкері” атақтарының иегері.
Оның есімі Атырау қаласы көшелерінің біріне берілген, сонымен қатар Орал қаласында ол тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта ілініп, БҚО полиция департаментінің музейінде жеке заттары: генерал – майор формасы, сыйға берілген ескерткіш кітабы, қызмет бабындағы бірнеше фото суреттері сақталған.
Өтегенов Наурыз – ғұмырын халықтың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтауға арнаған, талай шәкірт тәрбиелеген үлгілі тәлімгер.
Әке салған сара жолын ұрпақтары жалғастырған. Атап айтсақ үлкен ұлы Құрманғазы мен кіші ұлы Әділғазы, және немерелері Нұрлан мен Ерлан ата жолын қуып ішкі істер саласын таңдады. Қазіргі таңда балалары мен немересі Нұрлан ішкі істер органдарының ардагерлері, ал немересі Ерлан осы саладағы қызметін жалғастыруда.
Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр аталарымыздың ерлігін ешкім де, ешқашанда ұмытпақ емес! Олар жүрген жол-шежіре, тағдырлар, кейін бейбіт өмірде әрбір азаматтың қауіпсіздігін, олардың бейбіт өмір сүруі мен қоғам тыныштығын қорғаған ардагерлеріміз болашақ ұрпаққа үлгі, есімдері мәңгі тарихта қалады.