Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлын тауып берген Атырау полицейлеріне 70 жастағы қария алғысын білдірді

Атырау облысы Қызылқоға ауданы полицейлері екі жылға жуық бұрын үйінен шығып кетіп, іздеуде жүрген азаматты тауып, әкесімен табыстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2019 жылдың 22 казан күні Қызылқоға ауданы Полиция бөліміне ауданның Жасқайрат ауылының тұрғыны 1950 жылы туған ер адам шағымданып, 1979 жылы туған ұлының, 2019 жылғы қаңтарда үйден шығып кетіп, күні бүгінге дейін оралмағандығы жөнінде айтты. Алғашында ата-ана ұлдары «өзі келіп қалар» деп күткен, бірақ тоғыз ай бойы ешқандай хабар болмаған соң, аудан полиция бөліміне арызданады.

Арыз бойынша полиция қызметкерлері  жан-жақты іздестіру шараларын бастайды. Атырау облысын аумағын айтпағанда, республиканың барлық облыс, қалаларына іздеу хаттары жіберіліп, іс-шаралар ұйымдастырылғанмен нәтижесі болмайды. Бірақ, аудан полицейлері іздестіру жұмыстарын жалғастыра береді. Облыс Полиция Департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиев жедел кеңестерде із-түзсіз жоғалғандардың жүрген жерлерін анықтау, оларды тауып, ағайын-туыстарына тапсыру бойынша атқарылған іс-шараларға тоқталып, іздестіру жұмыстарының орындалуын өзінің бақылауына алған болатын.

Қызылқоғалық азаматтың анықталмағаны туралы еліміздің барлық облыстарындағы Полиция органдарынан жауаптар келіп жатты. Қызылқоға аудандық ПБ жедел уәкілі іс сапармен көршілес Ақтөбе облысына шығып, осындағы әріптестерімен аудан аумақтарына, алыс шалғайдағы елді мекендерге барып, хабарсыз кеткен азаматты Мұғалжар ауданының Қайыңды елді мекенінде далалықта мал бағып жүрген жерінен табады.

Азаматтың айтуынша, ақша табу мақсатында, 2019 жылы қаңтар айында үй ішіндегілерге ескертпестен, Ақтөбеге бағыт алып кеткенін, одан әрі танысын жолықтырып, сол арқылы далалықта мал бақташысы болып қалғанын айтты.

Тәртіп сақшысының неліктен туыстарымен хабарласпағаны туралы сұрағына, ұялы телефонын жоғалтып алып, ал туыстарының нөмірлерін ұмытып қалғанын айтты.

Жасы бүгінде 41-ге толған азамат осы кезге дейін үйіне оралмауын, еңбегінің ақысын көбейтіп , қайтамын деп ойлағанын, уақыттың зымырап өтіп жатқанын «байқамағанын», өзін ешкім күштеп ұстамағанын айтты.

Ұлының аман табылғанына қуанған зейнеткер қария аудан полицейлеріне толқи тұрып алғысын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру