Ұлына алимент төлемеген екібастұздық қамауға алынды
Ұлына алимент төлемеген екібастұздық қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде алименттік міндеттеменің орындалмау мәселесі әлдеқашан отбасы ішілік мәселеге ғана емес, мемлекеттік мәселеге айналған. Соттың шешіміне қарамастан, міндеттерін жауапсыз орындайтын азаматтар әлі күнге дейін балаларына тиісті ақшаны төлемей келеді.
Павлодар облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыста осындай 567 факті тіркелген.
Мысалы, қарашаның соңында Екібастұз қаласының Полиция басқармасына жеке сот орындаушысынан 29 жастағы ер адам өзінің 9 жастағы ұлына алимент төлеу жөніндегі сот шешімін орындамайтындығы туралы арыз келіп түсті.
Осыған байланысты құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
22 желтоқсанда әкімшілік құқық бұзушылық бойынша Екібастұз қаласының мамандандырылған сотының қаулысымен бұл ер адам кінәлі деп танылып, екі тәулік мерзімге әкімшілік қамау түрінде жауапкершілікке тартылды.