Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облыстық полиция департаментінің жеке құрамы жас қызметкерлермен толықты

Ұлытау облыстық полиция департаментінің жеке құрамы жас қызметкерлермен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында облыстық полиция департаментінде 29 жас полицей салтанатты түрде ант қабылдап, тәртіп пен заңдылық жолында қызмет етуге серт берді. Іс-шарада полиция департаменті бастығы Қайыркен Әлиев жас әріптестерін құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.


– Сіздерді ең алдымен Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде Отан қорғаушылар мерекесі Ұлы Жеңіс күні қарсаңында атап өтілетіні бекер емес. Себебі бұл күн – ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісі болған, отты жолдармен өткен ержүрек жауынгерлер алдында тағзым ететін күн. Осы атаулы күні біздің қатарымызға ертеңгі әріптес, сенімді дос, арқа сүйер жолдас болар жас қызметкерлермен көбейіп отыр. Бүгінгі күн сіздер үшін ең маңызды күн. Осы айтулы күн сіздердің естеріңізде мәңгі қалмақ. Полиция қызметі – адалдық пен әділдікті талап ететін, шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін қызмет. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай қызмет етіп, абыройлы қызметкер болуларыңызға тілектеспін, – деді департамент басшысы.

Салтанатты жиында ішкі істер министрінің және департамент басшсының арнайы бұйрығымен, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін және сеніп тапсырылған бөлімнің қызметін ұйымдастыруда оң нәтижеге қол жеткізген бірнеше қызметкер марапатталды. Іс-шара жас полицейлер кезектесіп ант қабылдап, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау жолында адал қызмет етуге ант берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру