Ұлытау облысында 300 оқушыны қамтыған есірткіге қарсы кең ауқымды форум өтті
Ұлытау облысында 300 оқушыны қамтыған есірткіге қарсы кең ауқымды форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған "Дұрыс таңдау – менің өз қолымда" атты кең ауқымды форум өтті. Іс-шараға өңірдің 300-ден астам мектеп оқушысы қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге есірткінің зияны мен тәуелділікке әкелетін қауіп-қатерлерді түсіндіру, дұрыс өмірлік таңдау жасаудың маңызын жеткізу және жастар арасында салауатты, қауіпсіз өмір салтын насихаттау болды.
Шара барысында ауданның беделді азаматтары, волонтерлік ұйымдардың жетекшілері, денсаулық сақтау саласының мамандары сөз сөйлеп, жастарға мотивациялық ой-пікірлерін білдірді. Олар нақты деректерге негізделген ақпарат ұсынды, зиянды заттардың физикалық және психологиялық салдары жөнінде маңызды мәлімет берді. Қатысушылар өз өміріндегі жауапты қадамдар туралы ойланып, дұрыс шешім қабылдаудың маңызын ұғынды.
Форумның ең қызықты бөлігі — арнайы мақсаттағы жедел бөлімше жауынгерлері мен кинология қызметінің көрсетілімдері болды. Арнайы жасақ өкілдері күрделі операция элементтерін көрсетіп, қауіпсіздік мәдениеті жайында түсіндірді. Қызметтік иттердің із кесу және түрлі тапсырмаларды орындау қабілеті оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның мақсаты — жастарға тек профилактикалық мәлімет беру ғана емес, сондай-ақ олардың өз болашағына жауапкершілікпен қарап, саналы шешімдер қабылдауға деген ынтасын арттыру. Іс-шараға қатысқан оқушылар пайдалы ақпарат алып, салауатты өмір салтын ұстануға қосымша мотивацияға ие болды.
Жыл басынан бері Ұлытау облысы полиция департаменті есірткі айналымына қарсы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, екі қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, 27 заңсыз есірткі саудасы дерегі анықталды. Сондай-ақ есірткіні насихаттаған 1100-ден астам интернет-ресурс бұғатталып, заңсыз қызметке қатысы бар 2800-ден астам банк есепшоты тоқтатылды.
"Профилактика жылы" аясында 938 есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, оған 36 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар еріктілердің көмегімен 235 тыйым салынған граффити өшірілді.
- Дұрыс таңдау – әр жастың өз қолында. Біздің міндет – сол таңдаудың дұрыс болуына бағыт көрсету, — дейді ұйымдастырушылар.
