Ұлытау облысында 8 рет жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізуші анықталды
Ұлытау облысында 8 рет жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол апатының алдын алу, жолдағы қауіпсіздікті қадағалау мақсатында Жезқазған және Сәтпаев қалаларында автоматтандырылған жылдамдықты өлшеу бейнекамералары іске қосылған. Бүгінгі күні бейнекамералардың көмегімен 7639 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Дәл қазіргі сәтте Жезқазған қаласында – 12, Сәтбаев қаласында 12 бейнекамера үздіксіз жұмыс атқаруда. Осы құрылғылардың көмегімен күніне 45-50 жол ережесін бұзу дерегі анықталады.
Сонымен қатар жол ережесін бір айда бірнеше рет бұзатын құқық бұзушылықтармен полиция департаменті қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ондай автокөлік иелері «Қорғау» бағдарламасы арқылы анықталады.
– Мысалы, ВАЗ-2115 автокөлігі бір ай ішінде 8 рет жылдамдықты шамадан тыс асырып, 400 мың теңгеге жуық айыппұл арқалаған. Бұл автокөлік «Қорғау» бағдарламасы арқылы анықталып, айыптұраққа қойылды. Ұлытау облысы полиция департаменті жүргізушілерден жол ережелерін қатаң сақтауды және жылдамдықты шамадан тыс асырмауды ескертеді, – деді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Арман Әбілқасымов.