Ұлытау облысында есірткі қылмыстарына қарсы күрес күшейтілді
Ұлытау облысында есірткі қылмыстарына қарсы күрес күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облыстық әкімдігінде нашақорлықпен және заңсыз есірткі айналымымен күрес мәселелеріне арналған маңызды отырыс өтті.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов басқарып, аймақтағы аталған мәселеге байланысты стратегиялық жоспарларды талқылауға жергілікті билік өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Жиында 2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша кешенді жоспардың жүзеге асырылу барысы қаралып, өзекті мәселелер мен болашаққа арналған басым бағыттар сөз болды. Аймақтың қауіпсіздігін нығайту және тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында нақты қадамдар айқындалды.
Ерекше назар барлық мүдделі мекемелердің өзара іс-қимылын арттыруға бағытталды. Қатысушылар бірлескен жұмыстың маңыздылығын ерекше атап, бұл бағыттағы әрбір қадамның аймақ тұрғындарының қауіпсіз өмір сүруіне тікелей әсер ететінін айтты.
Жиын қорытындысында мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайтуға және қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар мен ұсыныстар бекітілді. Аталған шаралар облыстағы есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстарының нәтижелілігін арттыруға септігін тигізеді деп күтілуде.