Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында ПД бастығы "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен кездесті

Сәтбаев қаласындағы №16 мектепте Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен тағылымды кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірдің бас полицейі жас буынмен еркін форматта әңгімелесіп, ішкі істер саласындағы қызметтің қыр-сырымен бөлісті.

Кездесу барысында оқушылар полиция қызметін таңдаудағы жауапкершілік, қызметке қойылатын талаптар және тәртіптің маңызы туралы сұрақтар қойды. Нұрхат Оразбаев полиция қызметкері болу – үлкен сенім мен адалдықты талап ететін, қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары, абыройлы міндет екенін ерекше атап өтті.

Ғазиз Байтасов атындағы "Жас сақшы" сыныбы өткен жылы ашылған. Бүгінде мұнда білім алып жүрген 9-сынып оқушылары құқық негіздерін меңгеріп, саптық дайындықтан өтіп, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйреніп жатыр. Сонымен қатар олар түрлі байқаулар мен жарыстарда өңір намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болып жүр.

ПД бастығы жастарға заңға құрметпен қарау, әділдік пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным ету керектігін жеткізді.

– Нағыз тәртіп – болашаққа бастар жол. Егер бүгіннен талап қойсаңдар, ертең кәсіби әрі мықты маман боласыңдар, – деді Нұрхат Оразбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру