Ұлытау облысында полицейлер 100-ге жуық малды иелеріне қайтарды
Ұлытау облысында полицейлер 100-ге жуық малды иелеріне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қыркүйектен бастап облыс аумағында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Полиция қызметкерлері 2300 шаруа қожалығын тексерді. Мал соятын арнайы 6 орын мен ет сататын 34 дүкен, базар тексерілді.
Криминалды полиция қызметкерлерінің жүйелі жұмысының нәтижесінде 15 мал ұрлығы фактісі ашылды. Жедел-іздестіру іс-қимылдары барысында 17 адамнан тұратын 4 қылмыстық топ ұсталды, олардың ішінде 6 адам сот шешімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар мал ұрлығының екі эпизодына қатысы бар екі тұлғаның да кінәсі дәлелденді. 100- ге жуық мал басы иелеріне қайтарылды. Іс-шара аясында қараусыз жүрген малдар уақытша айып тұрақтарына қамалады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 26 арнайы мал қамайтын орын жұмыс істейді.
Жаңаарқа ауданында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді. Тергеу барысында анықталғандай, топ құрамына Жаңаарқа ауданы мен Қарағанды қаласының 18-22 жас аралығындағы тұрғындары кірген. Биылғы жылдың қыркүйек пен қараша айлары аралығында олар аудан аумағында бірнеше рет мал ұрлаған. Күдіктілер түнгі уақытта жайылып жүрген малды атып, сойып алған, сондай-ақ қора-жайлардан да мал ұрлаған. Тергеу нәтижесінде олардың 7 бас ірі қара мен 2 жылқыны жымқыруға қатысы бар екені дәлелденді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
- Мал ұрлығының алдын алу – ортақ міндет. Осыған байланысты полиция департаменті төмендегі талаптарды сақтауды сұрайды, малдарды міндетті түрде сырғалау және таңбалау жұмыстарын жүргізіңіздер, малды қараусыз еркін жайылымға жібермеңіздер, малдың жоғалу белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласыңыздар. Есіңізде болсын: әрбір минут қылмыстың "ізін суытпай" ашуға көмек болады, - деді Ұлытау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков
