Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында ҚАЖ қызметкерлері марапатталды

Ұлытау облысында ҚАЖ қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл елімізде Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері күні алғаш рет аталып өтті. Осыған орай Ұлытау облысында облыс әкімі мен құзырлы мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Жиын барысында ҚАЖ саласында үздік еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерекше аталып өтті. Өңір басшысы Қылмыстық-атқару жүйесінің қоғамдағы маңызына тоқталып, қызметкерлердің күнделікті еңбегі тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудегі шешуші фактор екенін атап өтті.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты көрінісі ретінде әкімнің қолдауымен 3 қызметтік автокөліктің кілті салтанатты түрде табысталды.

Сондай-ақ Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №62 мекеме қызметкерлері мен пробация қызметінің бірқатар маманы қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары кәсібилік танытқандары үшін марапатталып, алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болды.

Шара соңында сала ардагерлері мен қызметкерлеріне жылы лебіздер білдіріліп, ел тыныштығы жолындағы жауапты қызметтеріне табыс, мықты денсаулық, отбасыларына амандық пен береке тілегі айтылды.

Аталған іс-шара қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің еңбегіне деген құрметтің айқын белгісі болып, олардың алдағы қызметіне жаңа серпін берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру