Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында соғыс және еңбек ардагерін еске алу рәсімі өтті

Ұлытау облысында соғыс және еңбек ардагері, милиция генерал-майоры Мұрат Құрмановты еске алу рәсімі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін соғыс және еңбек ардагері, милиция генерал-майоры Мұрат Құрмановты еске алуға арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұл еске алу рәсімі Құрманов көшесінде, марқұмның өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйінің ауласында өтті. Іс-шараға полиция департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Смағұлов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбек Мұқатаев, ардагерлер, полиция қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Еске алу рәсімі барысында қатысушылар пилонға гүл шоқтарын қойып, Мұрат Құрмановтың жарқын бейнесін, оның Отанға деген адал қызметін, ел қорғаудағы ерлігін еске алды. Ардагерлер генерал-майордың өмір жолы мен қызметі туралы тебірене әңгімелеп, оның елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Мұрат Құрмановтың өмірі – үлгі боларлық. Ол соғыс жылдарында елін қорғап, кейінгі жылдары құқық қорғау саласында қызмет етіп, жастарға патриотизм мен адамгершіліктің нағыз үлгісін көрсетті. Оның адал қызметі мен жоғары адамгершілік қасиеттері бүгінгі буынға да өнеге.

Жиын барысында қатысушылар Мұрат Құрманов жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның ел үшін жасаған істерін ұмытпай, әрдайым еске алатындарын айтты.

— Бүгін біз Мұрат Құрмановтың ерен еңбегін, Отанға деген шексіз махаббатын, адал да жанкешті қызметін тереңінен еске ала отырып, оның жарқын есімін мәңгілікке жүрегімізде сақтаймыз. Ол біз үшін нағыз батыр, өнегелі тұлға болып қала береді, - деді Бахтияр Смағұлов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру