Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктері кеңейтілуде

Ұлытау облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес өңілерде жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктері кезең-кезеңімен кеңейтілуде.

Жұмыс сапары барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев Жаңаарқа ауданы полиция бөліміндегі жедел басқару орталығының қызметімен және соңғы уақытта енгізілген жаңа техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Аталған шаралар "Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік негізінде қамтамасыз етудің 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы" аясында жүзеге асырылуда. "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыруға бағытталған жедел басқару орталығы аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.

Қазіргі таңда жедел басқару орталығына 83 бейнебақылау камерасы мен 3 аппараттық-бағдарламалық кешен қосылған. Сонымен қатар, аудан аумағындағы барлық жалпы білім беретін оқу орындарында орнатылған бейнебақылау камералары бірыңғай жүйеге біріктіріліп, полиция қызметкерлері тәулік бойы онлайн режимде бақылау жүргізуде. Аудан аумағындағы барлық бейнебақылау камералары Ұлытау облысы полиция департаментінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел басқару орталықтарына толық интеграцияланған.

Жаңаарқа ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Есен Ыдырысовтың айтуынша, жедел басқару орталығының тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді.

— Бейнебақылау камераларының көмегімен бірқатар қылмыстар ашылып, көптеген әкімшілік құқықбұзушылықтар дер кезінде анықталды, — деді ол.

Жедел басқару орталығының жұмысын оң бағалаған облыс әкімі Дастан Рыспеков алдағы уақытта бейнебақылау желісін одан әрі кеңейтіп, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапарының қорытындысында Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру