Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысының әкімі ЖБО-ның жаңа мүмкіндіктерімен танысты

Ұлытау облысының әкімі ЖБО-ның жаңа мүмкіндіктерімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев облыс орталығындағы полиция департаментінің жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Соңғы уақытта орталықтың техникалық мүмкіндіктері едәуір кеңейіп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жаңа деңгейге көтерілді.

Жаңғырту жұмыстары "Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік негізінде қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы" аясында жүзеге асырылуда. "Заң мен Тәртіп" қағидатына негізделген жедел басқару орталығы бүгінде Ұлытау облысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі цифрлық жобасына айналды.

Қазіргі таңда облыс аумағында 3 645 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың қатарында тұрмыстық қатты қалдықтарды бақылауға, көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін тануға, жылдамдықты өлшеуге және бет-әлпетті анықтауға арналған заманауи бейнекамералар бар. Сонымен қатар қоғамдық орындарда 21 SOS батырмасы орнатылған.

Маңызды жаңалықтардың бірі – аумақтық полиция бөліністерінің жедел басқару орталығына қосылуы. Бүгінде Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа ауданының полиция бөлімдері толықтай ЖБО жүйесіне интеграцияланған. Бұл құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және полиция қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан бөлек, өңірдегі барлық мектептердің бейнебақылау камералары орталық жүйесіне қосылған. Бұл шешім оқушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналар мен педагогтер үшін қосымша бақылау тетігін қалыптастырды.

Аймақ басшысы қоғамдық тәртіпті сақтауда заманауи технологияларды енгізудің маңызы зор екенін атап өтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру