Ұлытау облысының полицейлері боранда далада қалған тұрғынға көмектесті
Ұлытау облысының полицейлері боранда далада қалған тұрғынға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 қаңтар күні кешкі уақытта қала тұрғыны Борис Кобзев өзінің Delica автокөлігімен Шалғы елді мекенінен Қаражал қаласына қарай жолға шыққан. Түнгі сағат 00:00 шамасында жолда боран басталып, қалың жауған қардан көлігі қозғалмай қалған. Қаражал қаласының тәртіп сақшылары осы уақытта жолдарды күзетіп, көлік пен жүргізушіні қар құрсауынан босатып, көмек көрсетті.
Құтқарылған жүргізуші Қаражал қаласы полиция бөлімінің инспекторларына, яғни Әлібек Төлепбеков пен Дархан Қожабековке, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары Бекзат Қозжановқа, Қаражал қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Елжас Ақашовқа уақытылы көмек көрсеткені үшін алғысын білдіріп, әлеуметтік желіге хат жазды.
– Мен мұндай қарлы боранда үйге жете алмаймын деп ойладым. Үйімдегілер алаңдай бастады. Бірақ полицейлердің көмегінің арқасында мен аман-есенмін. Полиция қызметкерлеріне кәсібилігі мен жедел әрекеті үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деп атап өтті құтқарылған азамат.