Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысының полицейлері шағын футболдан турнир өткізді

Ұлытау облысының полицейлері шағын футболдан турнир өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Ұлытау облысының ПД қызметкерлерінен құралған командалар арасында шағын футбол мен арқан тартыстан сайыс өткізілді. Спорттық іс-шараның салтанатты ашылуында сөз алған ПД бастығының орынбасары Нұрлан Ысқақов жеке құрамды мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін батырлық пен ерліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің мерекесі болған Отан қорғаушылар күніне шағын футболдан және арқан тартыстан жарыс ұйымдастырудамыз. Осы сәтті пайдаланып барлық облысымыздың ер-азаматтарын, ардагерлерін елдіктің символы, ерліктің нышаны болған 7 мамыр және 9 мамыр мерекелерімен құттықтаймын, – деді Нұрлан Ысқақов.

Мерекелік күнге жоспарланған спорттық шаралар “Ұлытау” спорт кешенінде өткізілді. Мұндай спорттық ойындар жеке құрамның дене шынықтыру деңгейін арттырып, бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Ең алдымен қазақтың ұлттық ойыны – арқан тартыс сайысы өтті. Бұл тартыста күш сынасқан командалардың ешқайсысы осал болған жоқ. Бақ сынасқан топтар ішінен жүлделі бірінші орынды жылдам қимылдайтын арнай жасақ иеленді Ал екінші орынды жергілікті полиция қызметі, үшінші орынды оқу-жаттығу взводы иеленді.

Командалық шағын футбол ойынына барлығы 10 команда қатысып, қызықты ойын өрнегін көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша бағы мен баптары келісіп, бірінші орынды жылдам қимылдайтын арнайы жасақ иеленсе, екінші орынды оқу-жаттығу взводы еншіледі. Ал жүлделі үшінші орынды Сәтбаев қаласы ПБ командасы қанағат тұтты. Жеңімпаз командаға кубок табысталып, жүлделі орын алған және үздік ойыншыларға медальдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру