Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысының тұрғындары жылқыларына жарық шағылыстыратын алқа тағуда

Ұлытау облысының полицейлері малдың кесірінен болатын жол апаттарының алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда – Павлодар республикалық маңызы бар жол бағытында 355 км-ге созылған Жаңаарқа – Жезқазған тас жолының бойында көліктердің жылқымен соқтығысуы тіркеліп жатады. Осыған орай, Ұлытау облысының полицейлері шаруашылық иелерімен бірлесіп, төрт түлік кесірінен туындайтын қалааралық жолдағы апаттың алдын алу жұмыстарын дұрыс жолға қоюда.

2022 жылы Ұлытау облысы бойынша төрт түлік малға соқтығысқан жол-көлік оқиғасының 16 дерегі тіркелген. Ал биыл екі дерек тіркелді.

– Қараңғы мезгілде малды жол маңында жаюға, қараусыз қалдыруға тиым салынған. Алайда бұл талаптар мал иелері тарапынан тиісті деңгейде орындалмайды. Көлік жолында малдардың қараусыз жайылып, жолға шығу салдарынан болып жатқан жол-көлік оқиғалары алаңдатады. Жарық шағылыстыратын алқа тағудың маңызы зор. Ол жол апатының алдын алуда, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіз жүруіне әсерін тигізеді, – деді Түгіскен ауылының учаскелік полиция инспекторы Жалғас Ахметжанов.

Төрт түлік малды бағу ережелері үнемі сақтала бермейді. Осыған байланысты Жаңаарқа ауданының тәртіп сақшылары мал иелеріне көлік қозғалысына кедергі келтіретін төрт түлікке жарық шағылыстыратын алқа тағуға кеңес берді.

– Полиция қызметкерлерінің бұл бастамасын қолдап, жылқыларыма осындай жарық шағылыстыратын алқа тақтым. Қазір міне, түнгі мезгілде жылқыға көліктің жарығын түсіріп, тағылған алқалардың сынап жатырмыз. Нәтиже жаман емес, жылқы мойындағы жарық шағылыстырғыш алқа алыстан жарқырап көрінеді. Осындай игі іске мұрындық болған полиция департаменті басшылығына алғысым шексіз, – деді шаруа қожалық иесі Асылғазы Кенжетаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру