Ұлытау тұрғынынан 100 келіден астам марихуана тәркіленді
Ұлытауда "Қарасора-2025" іс-шарасы барысында 100 келіден астам марихуана мен қару-жарақ тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткінің заңсыз айналымын тоқтатуға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында Жезқазған қаласына жақын орналасқан Кеңгір кентіндегі жеке тұрғын үйдің гаражына тінту жасалды. Тексеру кезінде полиция қызметкерлері алты қап және бір түйіншекке салынған құрғақ марихуананы тауып, тәркіледі. Сараптама нәтижесінде оның жалпы салмағы 103 келі екені анықталды.
Сонымен қатар гараждан "Вепрь" ойық ұңғылы аңшы мылтығы, оған арналған 32 патрон және электронды таразы табылды. Үй ауласынан бір түп қарасора өсімдігі тәркіленді.
Тергеу барысында барлық тәркіленген заттардың 37 жастағы Сәтпаев қаласының тұрғынына тиесілі екені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.